БАУЫРЖАН АЙТКАРИМОВ: МЕКТЕБІМІЗДЕГІ 64% ҰСТАЗДАР – АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ

Абай университеті – бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын еліміздегі басты педагогикалық ұстахана. Оқу орнының түлектері бүгінде әртүрлі салада табысты еңбек етіп, отандық білім беру жүйесінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Осындай мақтанышымызға айналған түлектердің бірі – Айтқаримов Бауыржан Берікқанұлы. Ол қара шаңырақты 2015 жылы тәмамдап, қазіргі таңда Алматы қаласындағы №168 мектеп-гимназиясының директоры қызметін абыроймен атқарып отыр. Бауыржан Берікқанұлының еңбек жолы, студенттік жылдардағы естеліктері мен алған білімінің мансап жолындағы маңызы туралы сұқбат құрдық.

 

– Еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Абай университетін 2015 жылы «Филология» мамандығы бойынша тәмамдадым. Еңбек жолым студенттік кезден-ақ, 3-курста жүріп мұғалімдік қызметтен басталды. Кейін қоғамдық қорды басқарып, азаматтық бастамаларға жетекшілік еттім. ҚР Оқу-ағарту министрлігі жүйесінде қызмет атқарып, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына өз үлесімді қостым.

Бұл жол маған білім саласын терең тануға мүмкіндік берді. Кейін мектепке қайта оралып, директордың орынбасары, директордың міндетін атқарушы сатыларынан өттім. Осы жинақталған тәжірибе бүгінде мектеп-гимназияны тиімді басқаруыма жол ашты.

  

– Университеттегі қай сәтті ерекше жылылықпен еске аласыз?

– Студенттік жылдар – өмірімдегі ең жарқын әрі ұмытылмас кезеңнің бірі. Тұлға болып қалыптасуыма тәлімгерлерім зор ықпал етті. Соның бірі – марқұм ұстазым Темірхан Тебегенов. Ол кісінің пайым-парасаты бізді үнемі ізденіске баулыды.

Сол жылдары әдебиет пен өнерге қызығатын талантты жастардың басын қосып, «Сәкен» орталығын аштық, сол бастама арқылы рухани жобаларды жүзеге асырдық. Белгілі әдебиеттанушы Серік Мақпырұлы сияқты ғалымдардың дәрісін тыңдау біз үшін үлкен өнеге болды.

Әрине, студенттік шақтың ең тәтті естелігі – жатақханадағы достық қарым-қатынас, дәрісханадағы қызықты сабақтар және үлкен арманмен өткен күндер.

 

– Қара шаңырақта алған білім мен дағдылар бүгінде басшы қызметіңізге көмегін тигізді ме?

– Университет қабырғасында қалыптасқан белсенділік бүгінгі күні де өз жемісін беріп келеді. Студенттік шақта қоғамдық жұмыстарға араласу, түрлі жобаларды жүзеге асыру, жауапкершілік алу менің ұйымдастырушылық қабілетімді шыңдады.

Басшы үшін тек кәсіби білім ғана емес, адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білу, команда қалыптастыру, жауапкершілік пен жан-жақтылық аса маңызды. Бұл қасиеттердің негізі – студент кезеңде қаланды.

   

– Сіздің кәсіби қалыптасуыңызға ықпал еткен ұстаздар бар ма?

– Әрине. Ерекше атап өткім келетіні – Балтабай Әбдіғазиұлы. Ұстаздың зиялы болмысы, қарапайымдылығы, сабақ беру мәдениеті біз үшін үлгі-өнеге еді. Ұстаз тек білім беруші ғана емес, тұлға тәрбиелеуші екенін біз сол кісілерден үйрендік. Осындай тағылымды тәлімгерлердің ықпалы кәсіби жолымызда әлі күнге дейін сезіліп келеді.

 

– Сіздің ойыңызша, Абай университетінің түлектері не себепті білім беру саласында сұранысқа ие?

– Абай университетінің басты артықшылығы – ұлттық тәрбие мен заманауи білімді ұштастыра білуінде. Оқу орны сол ұлттық қасиетті кәсіби педагогикалық мәдениетпен байытады. Білімді маманды кез келген оқу орны даярлауы мүмкін, ал Абай университеті Ұстаз тұлғасын қалыптастырады. Мұнда мұғалімнің кәсіби білімімен қатар, адамгершілік қасиеті, ұлттық дүниетанымы, шәкіртпен қарым-қатынас мәдениеті ерекше назарда болады. Сондықтан да бұл оқу ордасының түлектері білім беру ұйымдарында алдыңғы қатардан орын алады.

 

– Бүгінде сіз басқаратын мектепте Абай университетінің өзге де түлектері еңбек ете ме?

– Қасыл Қатықбаева атындағы 168 мектеп-гимназия ұстаздарының 64 пайызы – Абай университетінің түлегі. Бұл тегіннен-тегін емес. Мен Абай университетінің түлектерін олардың кәсіби даярлығымен қатар, ұстазға тән мінез-құлқы, жауапкершілігі, мәдениеті және шәкіртке деген жанашырлығы үшін жоғары бағалаймын. Олардың бойынан ұстаздық болмыс пен педагогикалық әдеп анық байқалып тұрады. Бұл қасиеттер мектеп ұжымының сапасын арттыруда үлкен рөл атқарады.

 

– Абай университетінің студенттеріне қандай тілегіңізді айтасыз?

– Бүгінгі білім беру саласы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Сондықтан мұғалім уақыт талабынан әрдайым бір қадам алда жүруі қажет. Болашақ ұстаздар жасанды интеллектіні сабақта тиімді әрі орынды қолдана білуі тиіс. Технология – мұғалімді алмастыратын емес, оның еңбегін жеңілдететін көмекші құрал. Сондай-ақ технологияға сүйенемін деп теориялық білімді әлсіретуге болмайды. Терең білім, ұлттық құндылықтарға адалдық және заманауи дағды  – ұстаздың басты қаруы.

Университет түлектері білікті маман болып шығып, білім саласын озық деңгейге көтеретініне сенемін.

 

«Abai University» медиа орталығы