ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГТАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН БАҒАЛАУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Абай университетінде педагог-психологтар жұмысының сапасын бақылау мен бағалаудың заманауи тәсілдеріне арналған республикалық онлайн-семинар өтті. Жиынға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының, соның ішінде Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің және Астана халықаралық университетінің профессорлары, оқытушылары мен жас ғалымдары қатысты. Сарапшылар психологиялық-педагогикалық білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін айқындап, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметтердің жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.

Кездесу жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің республикалық оқу-әдістемелік кеңесі (РӨӘК) «Педагогика және психология» оқу-әдістемелік бірлестігі (ОӘБ) бағыты аясында өтті. Жиналысқа қатысушылар қазіргі білім беруде педагог-психолог рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Академиялық жүктеменің артуы мен оқыту жүйесіндегі өзгерістер әсерінен мектеп оқушылары мен студенттер тек оқу мәселелері бойынша ғана емес, сонымен бірге психологиялық қиындықтар бойынша да мамандарға жиі жүгінеді. Осыған байланысты семинарда болашақ кадрларды даярлаудың кәсіби стандарттары мен классификаторларын талқылауға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар сарапшылар білім беру мекемелерінің инфрақұрылымы, үйірмелер мен қосымша білім алу мүмкіндіктері оқу процесіне тікелей әсер етіп, білім алушылардың үлгерімі мен белсенділігін арттыруға ықпал ететінін алға тартты.

Жиын соңында ұйымдастырушылар психологиялық қауымдастық алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындады. Олардың қатарында жүйелі білім беру ортасын құру және білім беру сабақтастығын қамтамасыз ету үшін оқытудың барлық деңгейлерін үйлестіру мәселелері бар. Семинар қорытындысы бойынша ғылым өкілдері педагог-психологтардың қызметін жақсартуға және мамандарды кәсіби даярлаудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар практикалық ұсыныстар әзірледі.

 

«Abay University» медиа орталығы