ОРТА МЕКТЕПТЕ ПЕДАГОГ ҚАТАРЫ ТОЛЫҚПАҚ

Бүгін мектеп қабырғасында соңғы қоңыраудың сыңғыры естіліп, кезекті оқу жылы өз мәресіне жетті. Ал еліміздің ең үздік педагогикалық қара шаңырағы – Абай университеті өз түлектерін үлкен өмірге аттандыруға дайындалып жатыр. Демек, республика мектептері биыл бірінші қыркүйекте мұғалімдік еңбек жолын бастайтын дипломы «судай жаңа» жас мамандармен толықпақ. Тұңғыш жоғары оқу орны мектеп пен балабақшаға арналған мыңдаған білікті кадрды еңбек нарығына қосады.


25 мамыр – отандық білім беру жүйесіндегі айтулы мерекенің бірі. Өйткені, еліміздегі барлық мектептерде «Соңғы қоңырау» соғылып, жас түлектер қанат қағады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, биыл 215 мыңнан астам түлек мектепті тәмамдаса, 3,9 млн оқушы оқу жылын аяқтайды. Яғни, қазіргі уақытта Қазақстан халқының 1/4 бөлігі жалпыға бірдей орта білім алып жатыр. Бұл көрсеткіш – оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беретін мектеп мұғалімдерінің қажеттілігін көрсетеді.


Ғасырға жуық тарихында Абай университеті 250 мыңнан астам маман даярлаған оқу ордасы. Биылғы жылы университетті 81 білім беру бағдарламасы бойынша  3000-нан аса бакалавр және 800-ге жуық магистрант тамамдағалы отыр. Олардың басым көпшілігі падагог мамандар. Бітіруші түлектердің шамамен 70 пайызы мемлекеттік білім гранты негізінде оқыған. Жаңа оқу жылынан бастап олар мектеп қабырғасындағы ұстаздық қызметін бастайды.


Қазіргі таңда білім беру жүйесі қарқынды даму үстінде, соған сәйкес заманауи мектептердің жас мамандарға қояр талабы да жоғары. Мұғалімнің біліктілігі ғана емес, оқушының жан дүниесін түсінетін, цифрлық технологияларды еркін игерген, сыни ойлай алатын креативті тұлға тәрбиелеу уақыт талабы. Бұл тұрғыдан Абай атындағы ҚазҰПУ түлектерінің кәсіби артықшылығы жоғары. Инновациялық ортада білім алған жас педагогтар білім беру үрдісіне соны серпін мен тың жаңалықтар әкеліп, мектеп оқушыларымен тез тіл табысары сөзсіз.


Мәселен, биыл педагогикалық тәжірибе барысында студенттер 8860 ашық сабақ өткізіп, сабақ жоспарын дайындау, оқыту әдістемесін қолдану және бағалау жүйесін жүргізу дағдыларын жетілдірді. Ұзақмерзімді тәжірибе болашақ мамандардың кәсібилігін шыңдап, педагогикалық шеберлігін қалыптастырды. Нәтижесінде, дуальды оқыту жүйесімен 139 түлек жұмысқа қабылданып, 446 студент сұраныс хат негізінде өндірістік тәжірибеден өтті.


Қазақтың «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген даналық сөзі педагог мәртебесі мен беделін айқындайды. Мектеп табалдырығын аттаған әрбір маманның кәсіби әлеуетін арттыру – тұтас білім беру қоғамдастығының ортақ міндеті. Тәжірибелі ұстаздардың тағылымды ақыл-кеңесі мен жас буынның жаңашыл ізденістері үйлесім тапқанда, отандық білім беру саласы дамудың жаңа сатысына көтеріледі.

 

«Abai University» медиа орталығы