22.05.2026
КІТАП ОҚУ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУ МІНДЕТТЕРІ ЖҮКТЕЛДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаевтың еліміздегі кітап оқу мәдениетін өркендету туралы Жарлығы – отандық білім
беру мен ұлттық руханиятты дамытудың негізгі бағдары. Осы мемлекеттік міндетті
іске асыруда Абай университетінің Ғылыми кітапханасы маңызды рөл атқарады.
Бүгінде бұл құрылымдық бөлім заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған болашақ
педагог мамандарды даярлауға қызмет ететін ірі ақпараттық-зияткерлік орталық
ретінде жұмыс істеп келеді.
Ел Президентінің «Кітап оқу
мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы»
Жарлығы негізінде адами капиталды
дамытуға, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтуға бағытталған міндеттер
жүктелді. Білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде
кітап оқу мәдениетін насихаттап, жасампаз және бәсекеге қабілетті ұлт
қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыты деп танылды.
Соған сәйкес, Абай
университетінің Ғылыми кітапханасы – заман талабына сай жаңғырған, студенттер
үшін ғылыми электронды дерекқорлар қолжетімді орталық. Мұнда студенттер мен жас
зерттеушілерге терең білім алып, сан түрлі ғылыми зерттеу жүргізуіне толық
жағдай жасалған. Кең оқу залдары, тыныш әрі жайлы жұмыс аймақтары – талапты
жастың ғылымға деген құштарлығын оятары сөзсіз.
Білім-ғылымның барлық саласын
қамтитын 700 мыңға жуық кітап қоры, оның ішінде 18-20 ғасырдың басындағы
әлемдік көркем әдебиет пен сирек басылымдардың бай коллекциясы бар. Кітапхана
байлығы тек сирек қорларымен шектелмейді, оның басты құндылығы – білім
ордасында еңбек етіп жүрген ғалым-ұстаздардың төл еңбектерінде жатыр.
Университет профессорларының оқулықтары, әдістемелік жинақтары мен іргелі
монографиялары – ұлттық педагогика саласының дамуына ықпал ететін ғылыми қордың
алтын арқауы.
Университет кітапханасы дәстүрлі
форматтан заманауи цифрлық кеңістікке толық бет бұрған. Электронды каталогтар
мен әлемдік ғылыми базаларға еркін жол ашылған. Мәселен, IRBIS64+
автоматтандырылған кітапхана жүйесі, сондай-ақ J-IRBIS веб-модулі және 104 943
библиографиялық жазба оқырман қауымға қолжетімді.
Ғылыми кітапхана директоры Нұргүл
Имансыдықова Мемлекет басшысының Жарлығы кітапхана ісіне серпін беретінін алға
тартты. Алдағы уақытта қоғамдық санаға қозғау салып, кітап оқу мәдениетін
насихаттауда кітапханашыларға маңызды міндеттер жүктелгенін жеткізді.
– Мемлекет
басшысының Жарлығында кітапхана ісін ілгерілету мен цифрлық жүйені дамытудың
басым бағыттары айқын көрсетілген. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – ең
алдымен бізге, қоғамның таным демеушілері – кітапханашыларға аманатталған ұлы
міндет. Кітапханашы – жай мамандық иесі емес, ол – оқырман мен ілім әлемін
жалғайтын алтын көпір, рухани бағдаршам. Сондықтан алдағы уақытта жас ұрпақтың
зияткерлік әлеуетін көтеруге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Нұргүл Жайлауқызы.
Ұстаздардың зияткерлік қуаты мен
кітапхананың заманауи мүмкіндіктері ұштасқанда, ел ертеңін ойлайтын, көкірегі
ояу, көзі ашық тұлғалар тәрбиеленері сөзсіз. Кітапты серік еткен ұлттың бағы
асып, болашағы қашан да нұрлы болмақ. Ал Абай университеті кемел келешек жолында
әрқашан алдыңғы сапта келеді.
«Abai University» медиа орталығы