22.05.2026
АГРОБИОСТАНЦИЯДА ДАЛА ТӘЖІРИБЕСІ ӨТІП ЖАТЫР
Мамыр айының орта шенінен бастап Жаратылыстану және география факультетінің 1-курс студенттері Агробиостанция базасында оқу-дала тәжірибесіне кірісті. Бұл – болашақ биологтар үшін ерекше әсерге толы есте қаларлық шақ.
Оқу-дала практикасының жалпы уақыты 20 мамырдан 5 маусымға дейін жалғасады. Осы аралық студенттер үшін зерттеу жұмыстары мен табиғи ортадағы тәжірибелік ізденістерге жоспарланған. Табиғат аясында ұйымдастырылған тәжірибе теориялық білімді нақты зерттеу жұмыстарымен толықтыруға мүмкіндік береді. Абай университетінің 250-ге жуық білім алушысы тәжірибе барысында өсімдіктер мен жануарлар әлемін бақылап, ғылыми зерттеу дағдыларын қалыптастырады.
Студенттердің бір тобы өсімдіктерді жинап, гербарий жасау әдістерін меңгеріп, олардың морфологиялық ерекшеліктерін зерделеуге кіріседі. Жапырақ пен тамыр құрылымдарын зерттеу арқылы табиғи материалдармен жұмыс істеудің алғашқы әдістерін жасайды. Ал екінші топ омыртқасыз жануарлар мен түрлі жәндіктерді бақылап, ғылыми коллекциялар жинауды бастап кетті. Студенттер үшін тәжірибелік егіс алқабындағы жұмыстар да ерекше қызығушылық тудырады. Олар бақша және астық дақылдарының өсу кезеңдерін талдап, көктеу, гүлдену және масақтану сияқты табиғи үдерістерді зерттеуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар агротехникалық жұмыстарға араласып, далалық зерттеу әдістерімен танысты.
Оқу-дала тәжірибесінің ашылуында факультет деканы Күләш Дүйсенбайқызы жас зерттеушілерге сәттілік тілеп, табиғатпен етене жұмыс істеудің болашақ маман үшін маңызын атап өтті. Биология кафедрасының меңгерушісі, PhD Әсия Дүйсенғалиқызы мен доцент Қуандық Лебекұлы тәжірибе барысындағы қауіпсіздік ережелері мен жұмыс тәртібін түсіндірді.
Алғашқы күннен-ақ студенттер белсенділік танытып, зерттеу күнделіктерін жүргізіп, табиғи нысандармен жүйелі жұмысқа ден қойды. Ашық аспан астындағы сабақтар мен далалық бақылаулар олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыра түсті.
Айта кетейік, өткен жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңашар ауылында университеттің «Агробиостанция» оқу-тәжірибе базасы ашылған болатын. Мұнда зертханамен қатар жатақхана, асхана және демалыс орындары салынып, студенттердің тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасалынған.
«Abai University»
медиа орталығы