22.05.2026
ҚАЗАҚ ЕЛІ – АЛТЫН ОРДАНЫҢ МҰРАГЕРІ
ЮНЕСКО ұйымы аясында өткен «Алтын
Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты
халықаралық симпозиумда Президентіміз
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алтын Орда дәуірі отандық
тарихымыздың маңызды бөлігі, сонымен бірге біз бұл кезеңді ауқымды өркениет
парадигмасы тұрғысынан қарастырамыз, - деп, Алтын Орда тарихының феноменін жаңа
жаһандық деңгейге шығару қажеттігін көрсетті. Оны үш бағытқа бөліп, жаңа
міндеттер жүктеді.
Ең алдымен, зияткерлік
мұраны зерделеу. Ғылымда
пәнаралық әдістерді қолданудың маңызды екені белгілі. Сондықтан Президент Әл-Фараби,
Ясауи және басқа да әйгілі ойшылдар ілімінің Алтын Орда тұсында одан әрі
дамығаны заңдылық, Кетбұға, Асан Қайғы,
Шалкиіз және Доспамбет жыраулардың мұрасы, батырлар жыры даналыққа да, ерлікке
де толы болғанын сипаттады. Бұл мұралар Алты алашқа ортақ қазына деп түсінеміз.
Алтын Орда дәуірінен жеткен «Ақсақ
құлан» күйі - Ұлы Даланың үні,
ұлтымыздың рухани байлығы екенін зерделей отыра, Президентіміз руханият пен
зияткерлік Абайдың «Толық адам»
тұжырымдамасымен жалғасын тауып, «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат»
үштағанымен бекемделгенін дәйектеді.
Екіншіден, «Алтын Орданың
мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет. Жошы ұлысының
дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты», - деп
баса көрсетті. Президенттің осы бағыттағы сөзін талдасақ, ол Алтын Орданың
конфессионалды саясатын, дүниежүзілік үш дінді де басынан кешірген мемлекеттің
саяси өмірінде діни фактордың қандай болғанын сипаттап, этностар мен түрлі дін
өкілдерінің тату болғанын көрсетті. Шынында да, Алтын Орда кресшілер сияқты
жүздеген жылдарға созылған діни соғыстар жүргізген емес. Демек, Жошы
ұрпақтарының мемлекет
жүйесі тұрақты және өміршең болғаны тегін емес.
Алтын Ордада Дала заңы
мен Дала демократиясы жүйелі түрде қалыптасты. Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен
Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы негізгі фундамент болып, қоғамдық тәртіптің
орныққанын Президент «Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның
және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді», «Құрылтай институты дала
демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті», - деп тұжырымдады. Алтын ордада іс
қағаздары, кеңсе мәдениеті өз деңгейінде болғаны белгілі. Ханға тиесілі төрт
бұрышты және сопақ шеңберлі мөрлер, хан тамғалары алтын, қызыл, көк түспен
боялып жасалды.
«Ұлы дүрбелең» деген атпен қалған саяси
дағдарыс кезінде де Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі тұрақтылығын
сақтап қалды. Бұл жүйені кейін Еуразия аймағындағы көптеген мемлекет басшылыққа
алғанын Президент ұтымды сипаттады.
Үшіншіден,
«Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеген жөн. Баршамызға
белгілі, ежелдегі Месопатамия, Мысыр, Қытай, Үндістан өркениеттері көп жағдайда
өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасты. Ал Ұлы дала мүлде басқа тарихи даму
жолынан өтті». Президент Қ.Тоқаев салыстырмалы сипаттама жасай отырып, әлем
тарихында үлкен жаңалық болған Ботай мәдениетінде жылқыны қолға үйрету, атқа
міну мәдениетімен қатар дала өркениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және
қолайлы өмір сүру салты пайда болғанын, Алтын
ордада көшпенділік пен отырықшылық салты үйлесімді болып Алтын Орда тарих
сахнасына жарқырай шыққанына толық негіз бар екенін дәйектеді.
Алтын
Ордада нарықтық дамығанын өз сөзінде Президент былай сипаттады: «Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс
пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аңғаруға болады. Еуразияның
түкпір-түкпіріндегі іскер адамдардың сауда жасауына, кәсіппен еркін айналысуына
қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық
нарық қалыптастырды».
Президент «Жалпыұлттық
референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы
бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді.
Өйткені біз – мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың
тікелей мұрагеріміз», – деп батыл түрде анықтап көрсетті. Сонымен қатар
Президент заманауи технологияларды да пайдалануға бағыт берді. «Жаһандану, жаппай цифрландыру
және жасанды интеллект дәуірінде көшпенділік, яғни, номадизм тұжырымдамасы
туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру» маңызды екенін айқындады.
Президенттің осы
симпозиумда сөйлеген сөзі жаңа ғылыми ізденістерге, ғылыми жобаларға бағыт
берді. Алтын Орда тарихы одан әрі терең зерттелетініне сенім білдіреміз, әрі
Батыс пен Шығыстың үлкен сұхбат алаңы жалғасады деп есептейміз.
«Abai
University» медиа орталығы