21.05.2026
21 МАМЫР – МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ
Қазақстандағы
мәдениет пен өнер саласының дамуы елдің рухани жаңғыруымен тікелей байланысты.
Осы тұрғыда 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қоғамның
шығармашылық саласына ерекше назар аударылатын маңызды күндердің бірі. Бұл дата
мәдениет пен өнер иелерінің еңбегін бағалап қана қоймай, ұлттық руханияттың
даму бағытын да айқындайды.
Осы кеңістікте
шығармашылық білім беру жүйесінің рөлі ерекше. Қазақстандағы іргелі жоғары оқу
орындарының бірі – Абай университетінің Өнер факультеті ұлттық көркем білім
беру дәстүрін қалыптастырып, кәсіби суретшілерді, дизайнерлерді, музыканттар
мен хореографтарды даярлап отырған шығармашылық мектеп ретінде танылған. 1969
жылдан бері факультет бірнеше буын мамандарды даярлап, ұлттық өнердің дамуына
елеулі үлес қосып келеді.
Оқу үдерісі кәсіби дағдылармен қатар, шығармашылық ойлау
мәдениетін дамытуға және көркемдік танымды тереңдетуге бағытталған.
Факультеттің көпсалалы құрылымы студенттердің өнер саласын кешенді түрде
меңгеруіне мүмкіндік береді. Дизайн, көркем білім, музыкалық білім және
хореография бағыттары бір жүйеге біріктіріліп, білім алушылардың шығармашылық
көкжиегін кеңейтеді.
Білім беру
бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде жүзеге асырылады.
Студенттер мемлекеттік гранттар, шәкіртақылар және халықаралық академиялық
ұтқырлық бағдарламалары арқылы қолдау табады. Сонымен қатар Түркия, Германия,
Франция, Польша, Литва және өзге де елдерде тәжірибе алмасу мүмкіндігі
қарастырылған. Өнер
факультетінің студенттері республикалық және халықаралық байқауларға,
көрмелерге және ғылыми-шығармашылық жобаларға белсенді қатысып, жоғары
нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Олардың жұмыстары университеттің «Жасампаз»
галереясында және басқа шығармашылық орталарда ұсынылып отыр.
Факультеттің
маңызды рухани капиталы – оның түлектері. Олардың қатарында Ерболат Төлепбай,
Нэлли Бубэ, Владимир Власюк, Батима Заурбекова, Берікжан Әлмұхамбетов, Тоққожа
Қожағұлов, Жолаушы Тұрдығұлов, Болат Атамқұлов, Нұрлан Қилибаев, Жеңіс
Нұрлыбаев, Мұратбек Нұрлыбаев, Болат Байжігітов және басқа да белгілі тұлғалар
бар. Рамазан Стамғазиев, Жанар Айжанова, Медеу Арынбаев сынды көптеген танымал өнер
жұлдыздары қасиетті қара шаңырақты бітіргендер.
Бүгінде Өнер
факультеті академиялық дәстүрді заманауи білім беру технологияларымен ұштастыра
отырып, өнер саласына байланысты бағыттар бойынша бәсекеге қабілетті
мамандар даярлап отыр. Оқу үдерісінде цифрлық және инновациялық әдістер кеңінен
қолданылады.
Қазіргі студенттер
республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда, көрмелерде және ғылыми
жобаларда жетістіктерге жетіп, факультеттің шығармашылық беделін көтеріп
жүр. Атап айтсақ, «Абай» студенттік хоры факультеттің белсенді шығармашылық
ұжымдарының бірі ретінде түрлі байқаулар мен фестивальдерде жүлделі орындарға
ие болып, республикалық және халықаралық сахналарда өнер көрсетуде.
Бір ауыз сөзбен түйіндесек, Өнер факультеті – ұлттық өнерді
заманауи білім беру жүйесімен және халықаралық академиялық байланыстармен
ұштастырған
іргелі шығармашылық орталық. Факультет түлектері мен қазіргі білім алушыларының
жетістіктері осы үздіксіз дамып келе жатқан кәсіби және рухани мектептің нақты
нәтижесін көрсетеді.
«Abai University» медиа орталығы