20.05.2026
ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕРДІ ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Абай университетінде «Заң
мен тәртіп» қағидаты аясында «ҚР дербес деректерді қорғаудың конституциялық
кепілдіктері: цифрлық қауіпсіздіктің негіздері» атты дөңгелек үстел өтті.
Отандық жетекші ғалымдар, білікті сарапшылар, қоғам белсенділері мен жастар
ұйымдары өкілдері бас қосқан алқалы отырыста қоғамның өзекті мәселелері
талқыланды. Жиында жеке мәліметтерді қорғаудың құқықтық тетіктері,
киберкеңістіктегі қауіп-қатерлерге тосқауыл қою және азаматтардың ақпараттық
мәдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеру жолдары жан-жақты сараланды.
Дөңгелек үстелді ашқан
университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау жаңа
технологиялардың дамуы адам құқығын қорғау ісіне де жаңа талаптар қойып
отырғанын атап өтті.
– Ақпараттық қауіпсіздік – бұл
тек техникалық шаралар жиынтығы емес. Цифрлық сауаттылық – елдің егемендігі мен
тұрақтылығын айқындайтын, ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты стратегиялық
бағыт. Ал мемлекеттің киберқорғаныс қабілеті – болашағымыздың басты кепілі, – деді проректор.
Жиынға қатысқан сарапшылардың
пікірінше, дербес деректерді қорғаудағы халықаралық тәжірибені зерттеп, оны
отандық заңнамада тиімді қолдану – уақыт талабы. Тақырып аясында ғаламтордағы
алаяқтық, фишингтік шабуылдар мен жалған ақпараттың қоғамға тигізер зияны сөз
болды. Сондай-ақ күнделікті өмірде қолданылатын әлеуметтік желілер мен мобильді
қосымшалардың жасырын қауіптері айтылып, жастар арасында «ақпараттық гигиенаны»
қалыптастыру қажеттігіне назар аударылды.
Басқосуда халықаралық
қатынастардағы «жұмсақ күш» теориясының заңдылықтары мен оның қазіргі сипаты
терең талданды. Сандық кеңістік бүгінде мемлекеттің идеологиялық дамуына ықпал
ететін, қоғамдық сананы бағыттаудың және мүдделерді ілгерілетуді құралына айналды.
Осы ретте жас буынның медиасауаттылығын шыңдау, сыни ойлау қабілетін дамыту,
ақпаратты сүзгіден өткізе білу дағдысы ұлттық иммунитеттің негізі саналады.
Сонымен қатар қатысушылар
жастардың интернет кеңістігіндегі жеке жауапкершілігі, қауіпсіздік ережелерін
қатаң сақтау мәселесі және заманауи саяси коммуникациялардың ерекшеліктері
туралы ой бөлісті. Дөңгелек үстел нәтижесінде дербес деректерді қорғау
мәдениетін ілгерілету, құқықтық ағарту жұмыстарын жүйелі жүргізу және қоғамның
цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды ұсыныстар қабылданды. Алдағы
уақытта да «Заң мен тәртіп» бағдарламасы аясында жүйелі түрде өтетін іс-шаралар
жалғасын таба бермек.
«Abai University» медиа орталығы