19.05.2026
АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ АЯСЫНДА ІРІКТЕУ ӨТТІ
Абай университетінде 2026-2027 оқу жылына арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелде білім алғысы келетін үміткерлерді іріктеу комиссиясының отырысы өтті. Байқауға қатысуға өтінім білдірген 110 кандидат ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан бөлінген 36 грантқа өзара бақ сынады. Аталған гранттардың 34-і еуропалық университеттерде, екеуі Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріндегі серіктес оқу орындарында білім алуға мүмкіндік береді.
Үміткерлердің құжаттарын
жан-жақты қарап, олардың академиялық дайындығын, мотивациясы мен шет тілін
меңгеру деңгейін бағалау үшін 15 адамнан тұратын тәуелсіз комиссия құрылды.
Комиссия құрамында университет басшылығы мен профессор-оқытушылардан бөлек,
Канададан шақырылған халықаралық сарапшы Зухра Камар, Алматы қаласы
мәслихатының депутаты Елена Тё, «Тең-теңімен»
қазақстандық ассоциация президенті Сағынғали Елькеев, «Teacher Lab»
компаниясының бас директоры Сәуле Зейнолла сияқты қоғам қайраткерлері мен
тәуелсіз мамандар бар. Сонымен қатар студенттердің тілдік дайындығын нақты
бағалау мақсатында комиссия жұмысына корей, ағылшын және француз тілдерінің
мамандары Наталья Нам, Шыңғыс Ордабаев пен Светлана Бухина шақырылды.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма
Төрағасы-Ректор Болат Тілеп халықаралық серіктестікті дамытуға баса назар
аударылатынын алға тартты. Бүгінгі таңда қара шаңырақ Франция, Чехия, Литва,
Польша және Оңтүстік Корея сияқты елдердің әлемдік QS рейтингінде көшбасшы
университеттерімен тығыз байланыс орнатқан. Студенттерді іріктеу отырысы – осы ауқымды халықаралық ынтымақтастықтың
нақты нәтижесі.
Іріктеу процесінің барынша әділ
өтуін қамтамасыз ету мақсатында комиссия мүшелері жасырын сұхбат форматын
қолданды. Бұл жүйенің ерекшелігі – талапкерлердің аты-жөні мен өзге де жеке
мәліметтері құпия сақталады. Комиссия назарына тек студенттің тілді меңгеру
деңгейін растайтын сертификаты мен GPA көрсеткіші ғана ұсынылды. Онлайн
интервью барысында үміткерлер өздері таңдаған бағыттарға сай қазақ, орыс,
ағылшын, француз және корей тілдерінде сұқбат берді. Студенттер кәсіби
шыңдалуға деген шынайы ынта-жігерін дәлелдеп, комиссия қойған сұрақтарға жауап
берді. Іріктеу нәтижесі бір аптадан соң белгілі болмақ.
«Abai University» медиа
орталығы