19.05.2026
МҰҚАҒАЛИ МУЗЕЙІМЕН СЕРІКТЕСТІК ОРНАДЫ
Бүгін Абай университеті мен
Алматы облысы Музейлер бірлестігіне қарасты Мұқағали Мақатаев әдеби-мемориалды
музейі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойып, бірлескен ауқымды жобаларды
жүзеге асыруға уағдаласты. Төл мәдениетіміз бен әдебиетімізді ұлықтауды
көздейтін келісім аясында қос тарап рухани-танымдық шараларды жаңа деңгейге
көтеруді мақсат тұтып отыр. Алдағы уақытта қара шаңырақ студенттері үшін арнайы
жылжымалы көрмелер мен көшпелі музей жұмыстары ұйымдастырылмақ.
Мұзбалақ ақынның туған жері, өлең
өлкесі – Қарасаз ауылынан арнайы ат басын бұрған музей ұжымы университет
басшылығымен кездесіп, алдағы жоспарларын ортаға салды. Музей өкілдері болашақ
педагогтар мен тіл-әдебиет мамандарын тәрбиелеп шығаратын іргелі оқу орнымен
тығыз байланыс орнатуға, бірлесе ғылыми-шығармашылық кештер өткізуге дайын
екенін жеткізді.
1991 жылы іргетасы қаланған
Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі – ақынның көзі тірісінде тұтынған заттары мен қолжазбаларын,
шығармашылық мұрасын көздің қарашығындай сақтап, насихаттап келе жатқан
қасиетті орын. Бұл кездесудің өзіндік символдық мәні бар дей аламыз. Өйткені
биыл халқымыздың біртуар перзенті, қазақ поэзиясындағы Хантәңірі – Мұқағали
Мақатаевтың туғанына 95 жыл. Сондықтан, аталған серіктестік – ақын рухына
тағзым мен оның өлмес мұрасын жаңа заман биігінде жаңғыртудың жарқын үлгісі
болмақ.
Қара шаңырақ пен Қарасаз арасындағы ынтымақтастықтың студенттер үшін берер
тағлымы мен тәрбиелік мәні зор. Мәселен, студенттер мен жалпы алматылықтарға университет
қабырғасында көшпелі музей көрмесін ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Мұндай бастама
білім алушыларға Алматыдан шықпай-ақ феномен ақынның өмір сүрген әлемімен етене
танысуға, сирек кездесетін бірегей жәдігерлерді өз көзімен көріп, рухани азық алуына жол ашады.
Абай университеті мен Мұқағали
музейінің бірлескен келісімі – екіжақты байланысты нығайтып қана қоймай, жас
ұрпақтың санасына ұлттық тәрбиені сіңіруге, әдебиетіміздің алтын діңгегін
дәріптеуге бағытталған маңызды қадам. Болашақ болашақ мұғалімдердің мәдени
өрісін кеңейтетін ізгі бастама уақыт талабына сай жаңа серпін алып, алдағы
уақытта жүйелі түрде жалғасын таба бермек.
«Abai
University» медиа орталығы