СТУДЕНТТЕР ДИПЛОМ ЖҰМЫСТАРЫН ЖАҢА ФОРМАТТА ҚОРҒАДЫ

Бүгін Абай университетінде «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері дипломдық жұмыстарын алғаш рет дәстүрлі үлгіден тыс Action Research және Lesson Study форматында қорғады. Заманауи инновациялық бағыттағы жаңа формат 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап енгізіліп, биыл бітіруші түлектер өз зерттеулерін тәжірибелік тұрғыда ұсынды.

Action Research – педагог-практиктер жүзеге асыратын бейресми зерттеу түрі, жоспарланған әрекеттер циклдері арқылы нақты педагогикалық мәселелерді шешуге бағытталса, Lesson Study – сабақты жетілдіруге бағытталған зерттеу үдерісі, ол бірлесіп жоспарлау, өткізу, бақылау және талқылау кезеңдерінен тұрады.  Бұл тәсілдер студенттердің тек теориялық білімін ғана емес, практикалық ізденісін, шығармашылығын және кәсіби құзыреттілігін көрсетуге мүмкіндік берді.

Педагогикалық инновациялар орталығының басшысы, ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, профессор Айман Берикханованың айтуынша, жаңа форматтың дәстүрлі диплом қорғаудан басты ерекшелігі – оның тәжірибеге негізделуінде болып отыр.

– Action Research форматы арқылы студенттер педагогикалық зерттеу жүргізудің қыр-сырын меңгереді. Бұл форматтың ерекшелігі – білім алушылар тек теориялық материалмен шектелмей, нақты педагогикалық ортада мәселені анықтап, оны шешудің тиімді жолдарын тәжірибе арқылы зерттейді. Дәстүрлі ғылыми жұмыста көбіне тәжірибелік талдау бір бағытта жүргізілсе, мұнда үш циклды зерттеу жүйесі енгізіліп, әр кезеңде нәтижелер сараланып, жетілдіріліп отырады. Бұл формат студенттердің зерттеушілік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың сыни ойлау, талдау, мәселе шешу және рефлексия жасау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, – дейді профессор.

Жаңа форматтағы дипломдық жұмыстарды қорғау үдерісіне университет бойынша әр факультеттен 3 ментор-зерттеуші қатысып, студенттердің зерттеу жұмыстарын жүргізуіне әдістемелік қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп келді. Ал бүгінгі дипломдық жұмысын қорғауда 10 студент жаңа үлгідегі зерттеулерінің нәтижесін таныстырды.

Қорғау барысында студенттер мектепке дейінгі ұйымдарда жүргізген тәжірибелік зерттеулерінің нәтижелерін көрсетіп, балалардың тіл дамытуы, шығармашылық қабілеті, танымдық белсенділігі, ойын арқылы оқыту, ата-анамен байланыс және инклюзивті білім беру бағытындағы өзекті мәселелерді қамтыды. Интерактивті түрде өткен қорғауда студенттер презентациялар ұсынып, бейнематериалдар мен практикалық жұмыстарын көрсетті. Әр зерттеу барысында анықталған мәселе талданып, оны шешудің тиімді жолдары нақты деректермен дәлелденді. Комиссия мүшелері жұмыстардың тәжірибелік маңыздылығы мен әдістемелік жаңашылдығына ерекше назар аударды.

«Abai University» медиа орталығы